Парктер шеруі-ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қолдау көрсету жөніндегі дүниежүзілік халықаралық табиғат қорғау акциясы. Акция 200 жыл бұрын АҚШ – та және еуропа елдерінде басталды, ал Қазақстанда 1996 жылдан бастап дәстүрлі түрде наурыздан маусымға дейін өткізіледі.
Парктер шеруінің мақсаты-жұртшылық пен мемлекеттік органдардың назарын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың проблемаларына аудару, сондай-ақ экологиялық мәдениетті тәрбиелеу.
Акция барысында Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының оқушылары, студенттері мен жергілікті тұрғындары белсенді қатысты.
Акция күндері «Жер күні», «Құстар күні», «Таза өзенге-таза жағалау», байқау, экологиялық сенбіліктер және т.б. түрлі табиғатты қорғау іс-шаралары өткізілді. Табиғатты қорғау акциясының ашылуы кезінде Сарқан қаласының оқушылары мен студенттерімен бірлесіп «Қойтас» саябағын көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Парктер шеруі-2022» Халықаралық табиғат қорғау акциясының республикалық конкурсының қорытындысы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар арасында «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» дайындық пен өткізудің жоғары деңгейі үшін құрметті I орынмен марапаттады.
Туған өлкенің табиғатын сақтауға және экологиялық ағартушылықты дамытуға бей-жай қарамайтындардың барлығына «Парктер шеруі-2022» Халықаралық табиғат қорғау акциясына белсенді қатысқаны үшін Алғыс білдіреміз.