Skip to content
Басты бет » Парк тарихы

Парк тарихы

«Жоңғар – Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» биоалуантүрлілікті, таулы ландшафттарды, қоршаған ортаны қорғауды, ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндігімен және рекреация, мәдени-ағарту қызметінің әртүрлі түрлерімен ұштастыратын мамандандырылған мекеме болып табылады.

«Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Қазақстан республикасы, Жетісу облысының Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының аумағында Еуразия материгінің орталық бөлігінде орналасқан.

«Жоңғар – Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» ерекше экологиялық, тарихи және эстетикалық құндылығы бар табиғи тау ландшафттарын сақтау мақсатында «Алматы облысының жекелеген мемлекеттік мекемелерінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 сәуірдегі №370 қаулысына сәйкес құрылды.

«Жоңғар-Алатауы» МҰТП құрылған кезде құрамына Алматы облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Сарқан және Лепсі мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері, сондай-ақ Алматы облысы Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының Үйгентас орман шаруашылығы ММ-нің бір бөлігі кірді.

Әкімшілік жағынан табиғи парк Жетісу облысының – Ақсу (аудан орталығы – Жансүгіров кенті), Сарқан (Сарқан қ.) және Алакөл (Үшарал қ.) аудандарының аумағында орналасқан

«Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Индонезияның Палембанг қаласында өткен ЮНЕСКО-ның «Адам және Биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесінің (МАБ) 30-шы сессиясы кезінде дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосылды.Резерват аймақтың биологиялық әртүрлілігін сақтауда ғана емес, сонымен қатар алма ағаштарының жабайы түрлерінің генофондын қорғауда да үлкен маңызға ие – Сиверс алма ағашы, алма ағаштардың барлық сорттарының атасы және мәдени сорттарды қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.