🌲Бүгін ұлттық парк қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Парктер шеруі – 2023» халықаралық табиғатты қорғау акциясының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Сарқан қаласының политехникалық және гуманитарлық колледж студентері мен мектеп оқушыларының қатысуымен Сарқан қаласының орталық «Жастар паркінен» бастау алып, «Жоңғар Алатауы» МҰТП бас ғимаратына дейін «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» ұранымен шеру өткізілді. Іс-шара ұлттық парктің бас директоры Кабиев Марат Нұрғазыұлы мен «Жетісу жастары» КММ директорының орынбасары Смағұлова Жансая Өмірзаққызының құттықтау сөздерімен жалғасын тапты. Сондай-ақ іс-шара барысында ұлттық парк аллеясында 100 түп қарағай көшеттері отырғызылды🌲. Осы іс-шараға Сарқан қалалық әкімдігі, «Жетісу жастары» КММ филиалы – «Жетісу жастары», 📹«Хабар 24» телеарнасының тілшілері, Сарқан аудандық газетінің тілшісі, Сарқан гуманитарлық және политехникалық колледж студенттерімен еріктілер, Ақын Сара, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептері, Абай атындағы мектеп гимназиясы, №1 мектеп гимназиясы мен Н.Островский атындағы мектеп лицейінің мектеп оқушылары қатысып, өз үлестерін қосты. Қатысушылардың саны 250 адамды құрады.
🔹Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. Бұл бағытта Сарқан орман тұқымбағы ұзақ жылдан бері ағаш отырғызу, күтіп-баптау жұмысымен тұрақты түрде айналысып келеді, қазіргі таңда көгалдандыру жұмыстарын жандандыруға айрықша назар аударуда.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын…» бұл бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті. Халықтың денсаулығы мен ұрпақ болашағына, туған жерінің көркеюіне үлес қосу — әрбір азаматтың борышы. Біз де бүгін азаматтық борышымыздың бір кірпішін қалап, жеріміз бен еліміздің көркеюіне бірлесе үлес қостық деген ойдамыз. Акцияға ат салысып қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз!