05.04.2022 ж. ұлттық парк қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Сарқан қаласы «Қойтас» саябағында «Парктер шеруі – 2022» халықаралық табиғатты қорғау акциясының ашылуына орай «Табиғат тал бесігім» атты іс-шарасы өткізілді. Іс-шара ұлттық парктің бас директоры Марат Нұрғазыұлы Кабиевтің құттықтау сөзімен басталып, мерекелік концертпен жалғасын тапты. Сондай-ақ ұлттық парктің қызметін айқындайтын көрме ұйымдастырылып, Қойтас саябағында 60 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Осы іс-шараға Сарқан қалалық әкімдігі, Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығы, аудан ардагерлері, Сарқан аудандық газетінің тілшісі, Сарқан балалар шығармашылық үйі, Сарқан гуманитарлық және политехникалық колледж студенттерімен еріктілер қатысып, өз үлестерін қосты.
Акцияға ауданымыздың ардагерлері құрметті азаматтары қатысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетті.
Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. Бұл бағытта Сарқан орман тұқымбағы ұзақ жылдан бері ағаш отырғызу, күтіп-баптау жұмысымен тұрақты түрде айналысып келеді, қазіргі таңда көгалдандыру жұмыстарын жандандыруға айрықша назар аударуда.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын…» бұл бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті. Халықтың денсаулығы мен ұрпақ болашағына, туған жерінің көркеюіне үлес қосу — әрбір азаматтың борышы. Біз де бүгін азаматтық борышымыздың бір кірпішін қалап, жеріміз бен еліміздің көркеюіне бірлесе үлес қостық деген ойдамыз. Акцияға ат салысып қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз!