Кекілік (лат. Alectoris chukar) — тауықтәрізділер отряды қырғауыл тұқымдасына жататын құс. Негізгі мекені— құрғақ тау-тасты жерлер. Қазақстанда Жоңғар Алатауында, Тянь-Шаньнің солтүстігінде Іле және Солтүстік Алатауда, Каратауда. Сауыр мен Тарбағатайда, Үстіртте және Манғыстау түбегінде кездеседі. Орнитолог В.Ковшарьдің зерттеуінше, әлемде кекіліктер тобына жататын құстардың жеті түрі бар. Олар – Азия, Еуропа, Пржевальский, Араб, Бербар кекіліктері және Қызыл кекілік пен Қара басты кекілік. Бұл құстар әлемнің көптеген елінде тіршілік етеді. Олар теңіз деңгейінен 2 500 метрден жоғары тау етегін, құрғақ тік беткейлерде мекендейді. Ал қалың қар түскен жылдары кекіліктер азығына жете алмай, қырылып қалатын да кездер болады. Олар біздегі табиғатқа өзінше бейімделген. Мысалы, қар қалың түскен жылдары кекіліктің аналығы екі түрлі ұяда бөлек-бөлек жұмыртқалайды. Бір шұңқырда 6-дан 25-ке дейін жұмыртқа болады. Бір ұяны кекіліктің аналығы басса, екіншісін аталығы басады. Осылайша, олар тез көбеюдің қамын жасайды. Биылғы «Жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту» бөлімінің қызметкерлерімен «Ғылым» бөлімінің ғылыми қызметкерінің күзгі бақылау жұмыстары кезінде, Алакөл филиалы Үйгентас орманшылығы, Арқанкерген шатқалында 100-ға жуық кекілік кезіктірілді.
Аға ғылыми қызметкер: Сағынғалиева Б.