Skip to content
Басты бет » Жаңалықтар » Ұлттық парктің шаһары Бүркіт

Ұлттық парктің шаһары Бүркіт

Жоңғар Алатауының жер бедерінің күрделілігі мұндағы жан-жануарлар түрлерінің кең таралуына әсерін тигізеді. Ұлттық паркте құстардың 170 түрі кездеседі, оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген құстар: бүркіт, қаршығарең жапалақ, құмай, ителгі, қарадегелек, тазқара, үкі, орақтұмсық, сақалтай, бақалтаққыран. Бүгінде сиреп бара жатқан құстардың бірі бүркіт. Бүркіт қырғитектес тұқымдасына жататын қырандар ішіндегі ең ірісі. Бүгінгі күнде ұлттық паркте 80-ге жуық бүркіт тіршілік етеді. Бүркіт аспанда қалықтап ұзақ уақыт ұшумен қатар, жылдам, әрі құйындата төмен қарай ұшады. Таулы жерді мекендейтін бүркіттердің тұлғасы кесек, иықты, үшкір ілмек тұмсықты, ұзын қанатты және тырнағы күшті сыртқа шығыңқы, қауырсындары қалың қоңыр-сұр түсті, мойыны мен басында алтын түстес қауырсындары болады. Тау құсының бойындағы ақ теңбілді қауырсындары ерекшелене, айқын көрінеді. Бүркіттер ұясын биік құзға, қанаттыдан басқаның аяғы жетпейтін жартастардың қуысына салады. Бүркіт сирек кездесетін құс болғандықтан, Қызыл кітапқа енгізілген. Бүркіттер жем аулағанда ең алдымен әлсіз, ауру жан-жануарды аулайды. Мұндай жағдайда жан-жануарлар арасында табиғи сұрыптау орын алып, мекендеу ортасына жақсы бейімделген дендері сау аң-құстар қалып отырады. Жыртқыш құстарға жататын бүркіт – түрлі жан-жануарлар тіршілік ететін ортаны тазартып, олардың арасында түрлі аурулардың таралып кетуін болдырмайды.
✍️Ғылым бөлімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған