Орман қорын күзетуді мемлекеттік орман шаруашылығы жүзеге асырады, олардың құрамына мемлекеттік орман күзетшілері, орманшылар, орман шеберлері, орман шаруашылығы инженерлері кіреді. Мамандардың қатарында нәзік жандар аз емес.
Бұл жұмыстарды орманшылардың абыройымен атқарып жүргенін атап өткен жөн. «Жетісу» облысы аумағында орналасқан «Жоңғар-Алатауы» МҰТП алдағы «8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі» күні қарсаңында мақаламызға арқау болған Сулейменова Меруерт Жумағазықызы туралы жазуды жөн санадық. Кейіпкеріміз «Жоңғар-Алатауы» МҰТП-де «Рекреация, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің» – басшысы болып қызметін атқарады.
Мінезі де табиғатпен біте қайнасқан, адамды бірден баурап алатын, өзінің мамандығына өте адал жан. 2010 жылдан бастап “Жоңғар – Алатауы” МҰТП-нің «Рекреация, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің» басшысы болып жұмыс істейді. Меруерт Жумағазықызы осы уақыт ішінде өзін жауапты және сауатты маман ретінде көрсетті, өз ұжымына қолдау көрсетіп, түсіністік пен мейірімділікке ие болды.
«Жоңғар-Алатауы» МҰТП-нің дамуы жолында аянбай еңбек етіп, өзінің білімі мен біліктілігі мен талмай ізденіс, таудай талпыныс, темірдей шыдамдылық, сенімді жауапкершілік және өз жұмысына деген сүйіспеншілік, биологиялық әр түрлілікті сақтауда және көбейтуде қол жеткізген табыстары үшін, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында белсенді ынтымақтастық жасағаны, туризм және қоршаған орта саласына үлес қосқаны үшін құрмет грамотасы мен алғыс хатпен марапатталған.