Тянь-шань қоңыр аюы. Ursus actros isabellinus.
Тянь-шань қоңыр аюы – Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген жыртқыштар отряды, аюлар тұқымдасына жататын қоңыр аюдың бір түр тармағы. Аюлар алып денелі, басы үлкен, көз ұясы терең орналасқан әрі кішкентай, құлақ қалқандары дөңгелек, мойны қысқа, жуан болып келеді. Тянь-шань қоңыр аюының аталығы аналығынан ірі болады. Еркегінің дене ұзындығы 208 см, ұрғашысы 161 см, құйрығының ұзындығы 12-16 см, салмағы 96-202 кг. Түсі қоңыр, ашық қоңыр болып келеді. Алыстан қарағанда сары болып көрінуі мүмкін. Аюдың азығы алуан түрлі. Оның ішіне 160-қа жуық өсімдік тектес азықтар, олардың жемістері мен жидектері, көк-жасыл жапырақтары кіреді. Жануар тектес азықтармен де (тұяқтылар, кеміргіштер, жәндіктер) қоректенеді. 2 жылда 1 рет көбейеді. Мамыр-маусым айларында күйге түсіп, 7,5 айдан кейін қаңтар-ақпан айларында апанда 2-3 күшік туады. Күшіктерінің көздері 30-32 күнде, құлақ қалқандары 14 күнде ашылады. «Жоңғар Алатауы» МҰТП РММ аумағында ерекше қорғаудың нәтижесінде тянь-шань қоңыр аюының саны жыл сайын артып келеді. 2022 жылғы санақ бойынша 290-ға жетті.
Ғылым бөлімі.