Skip to content
Басты бет » Жаңалықтар » Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесін бекіту туралы

Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2010 жылғы 1 қыркүйектегі N 555 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 8 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6530 болып енгізілді.

 «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңының 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2012.10.02 № 17-02/489 (алғаш ресми жариялаған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі бекітілсін.

      2. «Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасының 2007 жылғы 2 ақпандағы № 44 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4562 тіркелген, 2007 жылғы 15 тамызда № 124 (1153) «Заң газетінде» жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті (Омаров Ж.Ы.) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министрдің м.а.Е. Аман
 Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің м. а.
2010 жылғы 1 қыркүйектегі
№ 555 бұйрығымен бекітілген

Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда болу тәртібін айқындайды.      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 25.12.2015 № 19-1/1124 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Ереже республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мына түрлеріне қолданылады:

      табиғат қорғау мекемелері – мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер;

      мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдары – мемлекеттік зоологиялық парктер, мемлекеттік ботаникалық бақтар, мемлекеттік дендрологиялық парктер (бұдан әрі – табиғат қорғау кәсіпорындары);

      заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – мемлекеттік табиғат ескерткіштері, мемлекеттік табиғи қаумалдар және мемлекеттік қорық аймақтары.

      3. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында жеке тұлғалардың болуына тек ғылыми және экологиялық-ағарту мақсаттарда ғана рұқсат етіледі.

      4. Мемлекеттік табиғи қорықтың аумағында немесе оның аумағынан тысқары жерлерде орналасқан белгілі бір дін жолын ұстанушылар тәу ететін орындарға (қасиетті орындарға) қорық аумағы арқылы өтетін жолдармен кіру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік табиғи қорықтың әкімшілігі тиісті діни бірлестіктің келісімі бойынша ақы төлемей, мемлекеттік табиғи қорық инспекторларының бастап жүруімен, топпен осы орындарда болуға немесе осы орындарға жақындап келуге рұқсат берілуі мүмкін.

2. Жеке тұлғалардың табиғат қорғау мекемесінде болуы

      5. Жеке тұлғалар үшін (бұдан әрі – келушілер) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың (бұдан әрі – ЕҚТА) түріне және күзеттің белгіленген құқықтық режиміне байланысты табиғат қорғау мекемесінің аумағында болу кезінде мынадай іс-әрекеттер жасауға рұқсат етіледі:

      1) ЕҚТА орман және дала жолдарымен, жалпы жұрт пайдаланатын жолдармен және экскурсиялық маршруттардың арнайы жолдарымен, механикаландырылған көлiкпен және салт атпен жүру, қорықтық күзет режимi бар учаскелерден басқа, арнайы жабдықталған орындарда аялдау;

      2) белгіленген туристік маршруттармен және соқпақтармен табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен алдын-ала келісілген, ЕҚТА экскурсия ұйымдастырушыларының немесе инспектор-гидтерінің бастап жүруімен ұйымдасқан экскурсиялар мен туристік жорықтар өткізу;

      3) табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісім бойынша су айдындарында тек қана моторсыз жүзу құралдарымен жылжу;

      4) әуесқойлық (спорттық) балық аулау.

      Мемлекеттік табиғи қорықтарда әуесқойлық балық аулау Заңның 43-1-бабына сәйкес жүзеге асырылады;

      5) қорықтық күзет режимі бар учаскелерден басқа жерлерде, осыған арнайы бөлінген орындарда жабайы жемістер, жидектер, саңырауқұлақтар, дәрі-дәрмектік өсімдіктер, шөп шабу, отын дайындау және дәстүрлі табиғат пайдаланудың басқа түрлері;

      6) табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісім бойынша спорттық және экологиялық-ағарту іс-шараларын, туристік слеттер өткізу;

      7) кәсіби және әуесқойлық фото-бейне түсірімдер жүргізу;

      8) оқу практикаларын өткізу;

      9) қорықтық күзет режимі бар учаскелерден басқа жерлерде оқу мақсаттары үшін гербарий жинау, топырақ үлгілерін іріктеу;

      10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында көзделген өзге де қызметтер.      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2012.10.02 № 17-02/489 (алғаш ресми жариялаған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      6. ЕҚТА-ның түріне және күзеттің белгіленген құқықтық режиміне байланысты табиғат қорғау мекемесінің аумағында:

      1) ЕҚТА-ны пайдалану үшін ақы төлегенін растайтын құжаттарсыз ЕҚТА-да болуға;

      2) ЕҚТА орман және дала жолдарымен, жалпы жұрт пайдаланатын жолдардан немесе арнайы экскурсиялық соқпақтар мен туристiк маршруттардан тыс жерлерге келiп кiруге және олар арқылы жүрiп өтуге;

      3) белгіленген орындардан тыс жерлерге автокөлік және басқа да механикалық құралдар қоюға;

      4) автокөлікті және басқа да механикалық құралдарды су айдындары жағалауына қоюға және жууға, ыдыс-аяқ жууға, кір жууға, үй жануарларын шомылдыруға;

      5) су айдындарында, ЕҚТА-ны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция пайдаланатын және құтқару пунктерін алып тастағанда моторлы жүзу құралдарынан басқа, моторлы яхталардың, катерлердің, моторлы қайықтардың, скутерлердің, квадроциклдердің болуына;

      6) арнайы белгіленген және жабдықталған орындардан тыс жерлерде тағам әзірлеу үшін от жағуға, мангал, ошақ орнатуға;

      7) осы мақсаттар үшін белгіленген орындардан тыс жерлерде аялдау орындарын жабдықтауға, шатырлар тігуге;

      8) торлармен және басқа тыйым салынған құралдармен және жабдықтармен балық аулауға;

      9) тиісті рұқсатсыз жабайы жануарларды алып қоюға;

      10) жабайы жануарларды үркітуге және қоректендіруге;

      11) ұяларды, індерді, апандарды және құмырсқа илеулерін бүлдіруге;

      12) ағаштар мен бұталарды кесуге, сындыруға және оларға зақым келтіруге, тұрмыстық қажеттілік үшін сыпыртқылар мен сыпырғыштарға шыбықтар дайындауға;

      13) табиғат, тарих, мәдениет және археология ескерткіштерін қиратуға және бүлдіруге;

      14) рұқсат етілген жинау орындарынан тыс жерлерде жабайы өсетін ағаш, бұта, шөп өсімдіктерін және дәрі-дәрмектік шикізат жинауға және қазып алуға;

      15) осы үшін арнайы бөлінген орындардан басқа жерлерде жабайы өсетін жемістер, саңырауқұлақтар және жидектер жинауға;

      16) көрнекі үгіт құралдарын (стенділер, паннолар, аншлагтар және басқалар), орман орналастыру, орман шаруашылығы және жерге орналастыру белгілерін қиратуға және бүлдіруге;

      17) құрылыстарға, ағаштарға, тастарға және жартастарға жазулар жазуға және суреттер салуға;

      18) өз бетімен мал жаюға, шөп жинауға, сүрек дайындауға және басқа да заңсыз орман пайдалануға;

      19) топырақ қабатын тұрмыстық қоқыспен және қалдықпен ластауға;

      20) «Жасанды жолмен жасалатын шудың және өзге де акустикалық әсерлердің нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/899 бұйрығымен бекiтiлген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12387 болып тіркелген) шудың және өзге де жасанды акустикалық әсерлердiң нормаларына сәйкес қоршаған ортаға шу шығаратын және басқа да акустикалық әсерлердi қолдану;

      21) мемлекеттік табиғи-қорық қоры мен табиғи кешендер объектілерінің табиғи дамуын және сақталуын бұзатын өзге қызметтерге жол берілмейді.      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2012.10.02 № 17-02/489 (алғаш ресми жариялаған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қолданысқа енгізіледі); 25.12.2015 № 19-1/1124 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.04.2023 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      7. Келушіде ЕҚТА-ны ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалану үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ақы төлегені туралы растайтын құжаттың болуы табиғат қорғау мекемесінің аумағына келуге негіз болып табылады.

      ЕҚТА-ны пайдалану үшін ақы төлегенін растайтын құжат келушінің болу мерзімінің соңына дейін сақталуы тиіс.

      8. ЕҚТА шекарасында орналасқан елді мекендерде тұрақты тұратын және(немесе) саяжай учаскелері бар жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес төлемақы төлеушілер болып табылмайды.

      9. Рекреациялық жүктеменің жол берілетін нормаларына байланысты келушілер легін реттеп отыру мақсатында табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігі осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша Келушілерді есепке алу журналын (бұдан әрі – Журнал) жүргізеді.

      Журнал нөмірленеді, жіппен байланады және оған табиғат қорғау мекемесінің мөрі басылады.

3. Жеке тұлғалардың табиғат қорғау кәсіпорнының
аумағында болуы

      10. Табиғат қорғау кәсіпорнының аумағында:

      1) арнайы бөлінген асфальт төселген немесе қара жолдармен жүріп өтуге;

      2) арнайы бөлінген орындарда өсімдіктер, жануарлар коллекцияларын қарап көруге;

      3) табиғат қорғау кәсіпорнының әкімшілігімен келісім бойынша экспозициялар мен коллекциялардағы өсімдіктерді, жартылай еркін және жасанды жағдайларда ұсталатын жануарларды суретке және бейне таспаға түсіруге;

      4) ЕҚТА паспортында немесе табиғат қорғау кәсіпорнының әкімшілігі белгілеген аумақта болудың ішкі тәртібінде көзделген өзге де қызметке жол беріледі.

      11. Мемлекеттік зоологиялық парктердің аумағында жануарларды және келушілердің жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында:

      1) радиоқабылдағыштар мен магнитофондарды қосуға, музыкалық аспаптарда ойнауға;

      2) жануарларды қоректендіруге, ызаландыруға және үркітуге;

      3) жануарлар тұруға арналған арнайы қоршалған үй-жайларға бөтен заттар лақтыруға;

      4) жабайы жануарлар бар үй-жайлардың торлары мен шарбақтарына сүйеніп тұруға, сондай-ақ орнатылған қоршаулар арқылы аяқ-қолды созуға, қолжетімді жануарлармен байланыс жасау үшін қол созуға және оларды әртүрлі заттармен (қолшатырмен, таяқпен және басқа заттар) түрткілеуге;

      5) штативтер мен жарқылдауық шамдарды қолданып, жануарларды суретке түсіруге;

      6) жануарларды ұстауға арналған үй-жайлардың және басқа да құрылыстардың орнатылған кедергілері мен қоршаулары арқылы кіруге немесе секіріп түсуге;

      7) жануарларды ұстауға арналған үй-жайлардың маңайында орнатылған кедергілерге, дуалдарға, қоршауларға балаларды тұрғызуға және отырғызуға;

      8) балаларды, әсіресе кішкентай балаларды қараусыз қалдыруға және оларға парк аумағында орналасқан жануарларды өз бетімен тамашалауға рұқсат етуге;

      9) көгалдармен жүруге, ағаш және шөп екпелерін бүлдіруге;

      10) өзімен бірге үй жануарларын әкелуге немесе ертіп жүруге;

      11) бақ-парк мүлкінің орнын ауыстыруға;

      12) жануарлар бар қоршаулар мен торлардың қасында кезекшілерімен сөйлесуге, жануарларды қорғау жөніндегі қызметінен олардың назарын басқа жаққа аударуға;

      13) экскурсия ұйымдастырушылары мен күзет қызметі қызметкерлерінің талаптарын орындамауға жол берілмейді.

      12. Мемлекеттік ботаникалық бақтар мен мемлекеттік дендрологиялық парктердің аумағында:

      1) гербарийлік материал жинауды қоса алғанда, ағаш және шөп өсімдіктерін алып қоюға және бүлдіруге;

      2) жемістер, тұқымдар жинауға;

      3) табиғат қорғау кәсіпорнының әкімшілігімен келісіп алмай табиғи және мәдени объектілерді суретке және бейне таспаға түсіруге;

      4) топырақ қабатын қоқыспен және тұрмыстық қалдықпен ластауға;

      5) кәсіпорынның экскурсия ұйымдастырушылары мен күзет қызметі қызметкерлерінің талаптарын орындамауға жол берілмейді.

4. Жеке тұлғалардың заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақта болуы

      13. Заңды тұлға мәртебесі жоқ ЕҚТА аумағында болу тиісті ЕҚТА түрлерін қорғау және пайдалану режимінің ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сақталуы жағдайында, осы ЕҚТА-ның паспортына сәйкес жүзеге асырылады.

 Жеке тұлғалардың ерекше
қорғалатын табиғи аумақтарда
болу ережесіне қосымша

      Нысан

20__ жылы келушілерді есепке алу журналы

      ____________________________________________

      (табиғат қорғау мекемесінің атауы)

Р/с №КүніКелушінің немесе топ жетекшісінің Т.А.Ә.Топтағы адамдар саныКөліктің түрі (а/к маркасы, мемлекеттік нөмірі)Келу мақсатыТоптың баратын жеріБолу мерзіміАқы төленгені туралы белгі (ақы төленгенін растайтын құжаттың №)
123456789

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған